Қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру бойынша нұсқаулыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабының  4) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

1. «Қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру бойынша нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының  2018 жылғы 12 ақпандағы № 19 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

1) 3-тармақтың 1) тармақшасының бірінші абзацында және  2) тармақшасының екінші абзацында «Астана, Алматы қалаларының» деген сөз тіркесі «республикалық маңызы бар қалалар мен астананың» деген сөздерге ауыстырылсын;

2) 7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуының заңдылығын тексеруді және бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауды прокурор СДТБТ-ға тіркелген кезден бастап 24 сағаттың ішінде жүргізеді.»;

3) 12-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«12. Қалалық, аудандық прокурорлар не оларды алмастыратын адамдар оқиға орнына мынадай фактілер бойынша шығады: азаптау; зорлық белгілері бар мәйітті табу, адам өлтіруге оқталу; қоғамдық резонанс тудырған немесе туғызуға қабілетті (адамдардың қаза болуы, елді мекендердегі су тасқыны, қару-жарақ пен оқ-дәрі жарылыстары, көп пәтерлі үйлердегі өрттер, жаппай тәртіпсіздіктер, ұлтаралық қақтығыстар және басқалар); апаттар, қираулар және басқа да төтенше оқиғалар. Прокурордың қарап тексеруге не өзге де тергеу әрекетіне қатысуы тиісті хаттамаларда көрсетіледі.»;

4) мынадай редакцияда 12-1-тармақпен толықтырылсын:

«12-1. Прокуратураларда ҚСжАЕК-нің ақпараттық жүйелеріне күн сайын мониторинг жүргізіледі және қабылданған процестік шешімдердің, адамды күдікті деп танудың заңдылығын тексеру уақтылы ұйымдастырылады, бұл ретте, барынша ауыр емес қылмыстарға қайта саралау фактілеріне, тоқтату, мерзімдерді үзу, қосымша тергеуге жіберу, тергеулігі бойынша тапсыру туралы шешімдердің күшін жойғаннан кейін қылмыстық істерді дереу іс жүргізуге қабылдауға аса назар аударылады.

Прокуратура басшылары электрондық қылмыстық істерді, санкциялау туралы өтінішхаттарды, қылмыстық процеске қатысушылардың өтініштерін және басқа да материалдарды уақтылы бөлуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ ҚПК және осы Нұсқаулықта көзделген оларды тексеру және қарау мерзімдерін бақылайды.»;

5) 14-тармақ мынадай редакцияда екінші және үшінші абзацтармен толықтырылсын:

«Ұстау және бұлтартпау шарасын таңдау заңдылығын тексеру кезінде негіздер мұқият анықталады, күдітінің мінездемесі, ҚСжАЕК жүйелері бойынша оның бұдан бұрын жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы мәліметтердің болуы, іздеуде болуы, пробациялық бақылау талаптарын сақтауы, сондай-ақ қылмыстық әрекетті жалғастырудың алғышарттары және тергеуден және соттан жалтару мүмкіндігі зерделенеді.

Азаптауларды қолдану туралы ақпарат келіп түскен кезде осы Нұсқаулықтың 48-тармағында көзделген шаралар қабылданады.»;

6) 18-тармақ мынадай редакцияда бесінші абзацпен толықтырылсын:

«Күдіктінің іс-әрекетін саралаудың заңдылығын тексеру нәтижелері туралы прокуратура немесе Бас прокуратураның, облыс прокуратурасының құрылымдық бөлімшесінің басшысы қаулының соңғы парағының артқы жағына тиісті жазбаны жүргізеді (Т.А.Ә., лауазымы және күні).»;

7) мынадай редакцияда 22-1 тармақпен толықтырылсын:

«22-1. Прокурорға айыптау актісімен, сондай-ақ ҚПК-нің 518 және 629-3-баптарының тәртібімен келіп түскен қылмыстық істер бойынша ҚПК-нің 301, 510 және 629-1-баптарында көзделген талаптардың сақталуына тексеру жүргізіледі.

Айыптау актісі бекітілгеннен кейін прокурор оны айыпталушыға тапсыру мен құқықтарын түсіндіруді қамтамасыз етеді, ол туралы айыпталушыдан тиісті қолхат алынып, ол іс материалдарына қоса тіркеледі.

Бұзушылықтар анықталған жағдайда прокурор қылмыстық істі қосымша тергеп-тексеру жүргізу үшін өзінің қаулысымен жібереді, онда нақты тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нұсқаулар жазылады.

Прокуратура басшылары қылмыстық істерді сотқа жіберудің негізділігі мен уақтылығы үшін дербес жауапты болады.»;

8) 23-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«Қылмыстық істі (қудалауды) тоқтату және тергеп-тексеру мерзімдерін үзу туралы шешімдердің заңдылығын тексеру оларды шығарған кезден бастап 30 тәулік ішінде жүргізіледі.»;

9) мынадай редакцияда 25-1-тармақпен толықтырылсын:

«25-1. Прокуратура басшылары айына кемінде бір рет өзекті қылмыстық істер бойынша (ашылмағандарды қоса алғанда, ауыр және аса ауыр санаттардың, сондай-ақ қоғамдық резонанс тудырған және басқалары ішінен) есеп тыңдайды, онда тергеп-тексеру нәтижелерінің толықтығы мен жазбаша нұсқаулардың уақтылы орындалуына баға беріледі. Нәтижелері хаттама түрінде ресімделеді, оның көшірмесі қылмыстық қудалау органына жіберіледі.»;

10) 49-тармақ мынадай редакцияда екінші абзацпен толықтырылсын:

«Процесс прокурорларын қоғамдық резонанс тудырған немесе дәлелдеу ретінде өзекті және күрделі болып табылатын ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша не процестік жетекшілік ету нысанында тұрақты қадағалау және қылмыстық қудалау органдарының жедел-тергеу бөлімшелерінің іс-қимылын уақтылы үйлестіруді қажет ететін басқа да істер бойынша тағайындау ұсынылады. Процесс прокурорын тағайындау кезінде оның жұмыс тәжірибесі, мамандануы мен жүктемесі ескеріледі.»;

11) мынадай редакцияда 50-1-тармақпен толықтырылсын:

«50-1. Процесс прокурорларының істері бойынша жоғары тұрған бақылауды прокуратура органдарының басшылары, сондай-ақ Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары, облыс прокуратураларының басшылары мен олардың орынбасарлары жүзеге асырады.

Ведомстволық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында процесс прокуроры күзетпен ұстау және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану мәселелерін, сондай-ақ кінәсін тану туралы мәміле нысанында процестік келісім жасауды, қылмыстық істі сотқа жіберуді прокуратура басшысына баянатпен баяндайды. Прокуратура басшысының қарары бар баянат қадағалау іс жүргізуіне тіркеледі.»;

12) 83-тармақ мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

«Прокуратура басшылары қылмыстық құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлері бойынша қызметкерлерді мамандандыруды дамытуға шаралар қабылдайды.».

2. Бұйрықпен Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының, ведомстволарының, мекемелерінің және білім беру ұйымының барлық қызметкерлері таныстырылсын.

3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы  Бас Прокурорының қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

4. Бұйрық оған қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

 

 

Қазақстан Республикасы  

Бас Прокурорының м.а.                                                                          Е. Кененбаев